Кадр резерві туралы ақпарат

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Соты Төрағасының
2012 жылғы «20» ақпан
№ 67 өкімімен
 

БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқаларының
төрағалары мен судьялары, жергілікті соттардың төрағалары мен
сот алқаларының төрағалары қызметтеріне кадр резерві туралы
ереже

1. Жалпы ережелер
        1. Жоғарғы  Соттың  сот  алқаларының  төрағалары  мен  судьялары,  жергілікті  соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары қызметтеріне жоғарылату үшін кадр резервіне (бұдан әрі – кадр резерві) алу осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
       Арнайы дайындалған резервтің болуы төраға қызметіне кездейсоқ  және біліксіз адамдарды жоғарылатуға мүмкіндік бермейді әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әсерлі құралы болып табылады.
   Кадр резервіне судья қызметінде жұмыс өтілі жеткілікті, жұмыс көрсеткіштері жақсы, ұйымдастырушылық қабілеті бар және еңбек жолы мінсіз судьялар алынуға тиіс.
     Жоғарғы Соттың, облыстық және оған теңестірілген соттардың жалпы отырыстарында бос тұрған қызметтерге кандидатураларды талқылау кезінде басымдық, әдетте, кадр резервінде тұрған адамдарға беріледі.
     Адамдарды резервке алу, іріктеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру үшін Жоғарғы Сотта республикалық комиссия, ал облыстық және оған теңестірілген соттарда кадр резерві жөніндегі облыстық комиссиялар құрылады. Кадр резервімен жүргізілетін жұмысқа жалпы басшылықты тиісті соттардың төрағалары жүзеге асырады.

                                 2.  Кадр резерві жөніндегі комиссияны құру және оның құзыреті
       2. Республикалық комиссияның құрамы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен, облыстық комиссиялардың құрамы – тиісті  облыстық және оған теңестірілген соттар төрағаларының өкімдерімен бекітіледі. Комиссия төрағадан, хатшыдан және мүшелерден тұрады. Комиссия мүшелерінің саны тақ сан болуға тиіс. Комиссия құрамына судьялармен бірге соттар аппараттарының кадр жұмысын жүргізуге жауапты қызметкерлері кіре алады.
       3. Комиссиялар өз жұмысын өздері бекіткен жоспарға сәйкес ұйымдастырады, комиссиялар отырыстары кем дегенде жарты жылда бір рет өткізіледі.
      4. Комиссия төрағасы оның жұмысын ұйымдастырады, сот төрағасымен бірге комиссияның жұмысын үйлестіреді, кадр резерві жұмысын ұйымдастыруды жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізеді, кадр резервінің жұмысына талдау жасайды және бұл туралы тиісті соттың төрағасын не жалпы отырысын хабардар етеді.
     5. Комиссия  хатшысы  комиссия  отырысының  хаттамасын  жүргізеді,  сондай-ақ  тиісті өзгерістерді уақытында кадр резерві жөніндегі құжаттамаға енгізеді.
     6. Комиссия мүшелері резервке алынатын кандидатуралар бойынша  ұсыныстар енгізеді, кандидаттардың жеке және іскерлік қабілеттерін тексеруді іске асырады, сот төрағасының тапсырмасына орай, резервке алынған адамдарға қатысты келіп түскен шағымдар мен хабарлар бойынша тексеру жүргізеді, кадр резервінің іскерлік біліктілігін көтеру жөніндегі шараларға қатысады.
     7. Комиссия төрағалары соттардан, Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органнан комиссияның жұмысына қажетті құжаттарды және материалдарды сұратып алдыруға құқылы.
      8. Комиссия  төрағалары  тиісті  соттар  төрағаларымен  келісе  отырып  кадр  резервіне кандидаттарды комиссия отырысына, ал резервте тұрған адамдарды резервте тұру мәселесі және басқа да мәселелер бойынша  шақыра алады.
     9. Облыстық комиссиялар облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқаларының төрағалары, сондай-ақ аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қызметтеріне резерв қалыптастырады.
       10. Республикалық  комиссия  облыстық  және  оған  теңестірілген  соттардың  төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары қызметтеріне резерв қалыптастырады.
       11. Комиссия шешімі ашық дауыспен қабылданады және оған комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда ол қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда шешім қабылданбады деп есептеледі және осы мәселе келесі отырысқа ауыстырылады. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді, оған комиссияның төрағасы және хатшысы қол қояды.

                      3. Кандидаттарды кадр резервіне алу үшін іріктеудің тәртібі мен шарттары
         12. Судьялық  жұмыста  кемінде  үш  жыл  өтілі,  тиісті  біліктілігі  бар  және  еңбек  жолы мінсіз әрбір судья аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасы қызметіне кадр резервіне тұруға құқылы.
      12-1. Әрбір судья облыстық және оған теңестірілген соттың сот алқасы төрағасы қызметіне, облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы қызметінде кемінде үш жыл немесе аудандық соттың төрағасы қызметінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі, тиісті біліктілігі бар және еңбек жолы мінсіз болғанда, кадр резервіне тұруға құқылы.
        12-2. Әрбір  судья  облыстық  және  оған  теңестірілген  соттың  төрағасы  қызметіне  облыстық және оған теңестірілген соттың алқа төрағасы қызметінде кемінде үш жыл жұмыс өтілі, тиісті біліктілігі бар және еңбек жолы мінсіз болғанда кадр резервіне тұруға құқылы.
         12-3. Судьялық  жұмыста  кемінде  он  жыл,  соның  ішінде  облыстық  және  оған  теңестірілген соттың судьясы қызметінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі, тиісті біліктілігі бар және еңбек жолы мінсіз әрбір судья Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне кадр резервіне тұруға құқылы.
    12-4. Жоғарғы  Сот  судьяларының  кадр  резервіне  үміткерлер  облыстық  және  оған теңестірілген соттың жалпы отырысының ұсынымы бойынша қабылданады.
      13. Кадр резервіне тұру тәртібі төменгі қызметтен жоғары қызметке ауысудың сабақтастығы қағидатына негізделеді. Жоғары тұрған соттардың судьялары, әдетте, төмен тұрған соттардағы басшы қызметтерге тағайындалу үшін резервте тұрмайды.
      14. Аудандық  немесе  оған  теңестірілген  соттардың  төрағалары,  облыстық  немесе  оған теңестірілген соттардың сот алқаларының төрағалары қызметіне жоғарылату үшін резервке тұруға ниет білдірген судьялар өзі резервке тұруды қалаған қызметті көрсетіп, облыстық комиссияға арыз бере алады.
      14.1. Жоғарғы  Соттың  судьялары,  облыстық  және  оған  теңестірілген  соттың  төрағалары қызметіне кадр резервіне тұруға тілек білдірген судьялар кадр резерві жөніндегі облыстық комиссияға арыз бере алады, комиссия қажетті құжаттар мен ұсынымдарды қадр резерві жөніндегі республикалық комиссияға жіберу немесе осы бағыттан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
     15. Кадр резерві тізімдеріне алу туралы Жоғарғы Сот Төрағасы, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары не тиісті облыстық комиссия төрағасы тарапынан бастамашылық ұсыныс жасалуы мүмкін, бұл жағдайда кандидатты резервке алу үшін оның келісімі міндетті түрде қажет.
    16. Судьяның арызын не тиісті лауазымды адамның не облыстық комиссияның бастамашылық ұсынысын комиссия судьяның жұмысының мерзімдері мен сапасы туралы мәліметтердің, облыстық немесе оған теңестірілген соттың төрағасы қол қойған қызметтік мінездеменің  негізінде, сондай-ақ кандидаттың тиісті құжаттары бойынша қарайды. Қажет болған жағдайда облыстық комиссия судьяны сипаттайтын қосымша материалдарды сұратуы не комиссия мүшелерінің біріне кандидаттардың сот төрелігін іске асыру сапасын қосымша зерделеуді тапсыруы мүмкін.
     17. Кадр резерві тізіміне алу туралы шешім әрбір үміткерге қатысты жеке қабылданады. Шешімде кандидаттың қандай қызметке резервке алынғаны көрсетілуі керек. Мысалы: «сот алқасының төрағасы қызметіне, аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасы қызметіне орналасу үшін резервке алынсын» және т.б.
     18. Облыстық комиссияның шешімі облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының қарауына енгізіледі, ол комиссия шешімімен келіскені туралы не комиссия шешімінің күшін жою туралы бір айлық мерзім ішінде қаулы шығарады. Жалпы отырыс комиссия шешімімен келіскен жағдайда судьяның аты-жөні кадр резерві тізіміне енгізіледі. Комиссияның шешімі және жалпы отырыстың қаулысы судьяның жеке ісіне тігіледі.
     19. Егер кадр резерві тізімінде тұрған судья жыл бойы сот төрелігін іске асырудың жоғары сапасына қол жеткізгенін растаса, жұмыс барысында және жеке мінез-құлқымен ескерту алмаса және кадр резерві үшін арнайы ұйымдастырылған сабақтарға ұдайы қатысса әрі резервте қалуды қаласа облыстық және оған теңестірілген соттың жалпы отырысы оны келесі жылға кадр резерві тізімінде қалдырады.
     20. Судьяның резервте болу мерзімі шектелмеуге тиіс.
     21. Комиссия шешімі бойынша кадр резерві тізімінен шығару жыл бойы мынадай негіздерге:

     1) резервте тұрған адамның арызына;
     2) Судья әдебінің кодексін бұзуға жол беруіне не судьяның тәртіптік жауапкершілікке тартылуына;
     3) сот төрелігін іске асырудағы төменгі көрсеткіштеріне;
    4) төрағалық қызметтің бос тұрған орнына орналасу үшін конкурсқа қатысу туралы ұсыныстан дәлелсіз себептерге байланысты бас тартуына;
     5) өзге өңірге судьялық қызметке тағайындауды қоспағанда, судьяның атқарып отырған қызметінен кез келген негіздер бойынша босатылуына  байланысты жүргізіледі.
    22. Кадр резервінің тізімінен шығару туралы шешім қабылданарда тексеру жүргізілуі мүмкін, бұл жағдайда судья комиссия отырысында  түсініктеме беруге құқылы. Комиссияның кадр резервінен шығару жөніндегі шешімі де тиісті соттың жалпы отырысында бекітіледі.
    23. Облыстық комиссиялар кадр резерві құрамының тізімінен алып тастау туралы судьяға және республикалық комиссияға дереу хабарлайды. Төраға қызметіне тағайындалған адамдар, егер олар осындай қызметке орналасу үшін резервке алынуға үміткер болса, кадр резерві тізімдеріне енгізілмейді.
     24. Облыстық комиссиялар жылына екі рет ағымдағы жылдың маусым және желтоқсан айларында өзінің отырыстарында облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқаларының төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қызметтеріне кадр резерві тізімдерін қарайды және бекітеді, оларды облыстық және оған теңестірілген соттардың жалпы отырыстарының бекітуіне ұсынады. Облыстық комиссиялар бекітілген кадр резерві тізімдерін жыл сайын 1 шілдеге және 1 қаңтарға қарай республикалық комиссияға жолдайды.
   25. Республикалық комиссия өзінің отырыстарында облыстық кадр резерві тізімдерін қарап, осы Ереженің талаптарына сәйкестігін тексереді және оларды кадр резервінің республикалық жиынтық тізіміне енгізеді. Егер республикалық комиссия судьяны резервке негізсіз қойылған деп тапса, онда комиссия оны Республикалық тізімге енгізбейді. Қабылданған шешімнің себебі хаттамаға жазылады, хаттама облыстық комиссияға және судьяның өзіне жолданады.
     26. Республикалық комиссия облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы, Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы, Жоғарғы Соттың судьясы қызметтеріне кадр резервіне тұру жөніндегі тізімді ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларында қалыптастырады және бекітеді. Комиссия кандидаттардың арыздарын, сондай-ақ Жоғарғы Сот Төрағасының не Республикалық комиссияның бастамашылық ұсынысын қарайды және содан кейін Жоғарғы Сот Төрағасының бекітуіне ұсынады.
   27. Республикалық комиссия кадр резервімен жұмысты талдайды және бұл туралы Жоғарғы Сот Төрағасын хабардар етеді, оның тапсыруы бойынша осы жұмыстың жағдайымен танысу үшін жергілікті жерлерге шығуды жүзеге асырады.
   28. Резервте тұрған судьяның қойылған талаптарға сай келмейтіндігі анықталған жағдайда республикалық комиссия оны кадр резерві тізімінен шығару туралы шешім қабылдайды, ал облыстық соттардың алқа төрағалары, аудандық немесе оған теңестірілген соттардың төрағалары қызметтеріне орналасу үшін кадр резервінде тұрған судьяларға қатысты материалдар облыстық комиссияларға жіберіледі.
                                     4. Кадр резервімен жұмысты ұйымдастыру
    29. Облыстық соттардың төрағалары кадр резерві жөніндегі облыстық комиссиялармен бірлесіп, резервте тұрған адамдардың іскерлік және  моральдық қасиеттерін терең зерделеу, олардың кәсіби шеберлігін арттыру және ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады. Кадр резервіне алынған судьялар резервте болу кезінде, облыстық немесе оған теңестірілген соттың төрағасы бекіткен жеке жоспар бойынша арнайы дайындықтан өтеді, онда:
     1) тағылымдамадан өту және біліктілікті көтеру;
  2) кеңестердің, алқалардың жұмыстарына, оқу-әдістемелік семинарларға, ғылыми-практикалық конференцияларға және кәсіби деңгейді көтеруге бағытталған басқа да шараларға қатысу;
   3) төраға еңбек демалысында, іссапарда немесе уақытша еңбекке жарамсыз болған кезде оның міндеттерін уақытша атқару;
   4) қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтін басқа да іс-шараларды өткізу қарастырылады.