Заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық шағым келтіру

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Үкiмге апелляциялық шағым беру құқығы

     1. Заңды күшiне енбеген сот үкiмдерiне тараптар апелляциялық тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
     2. Үкiмге шағымдану құқығы сотталушыға, ақталушыға, олардың қорғаушылары мен заңды өкiлдерiне, жәбiрленушiге және оның өкiлiне тиесiлi. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi үкiмге, оның азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде шағым жасауға құқылы.

 
     Заңды күшiне енбеген үкiмдерге шағымдарды қарайтын соттар     

      1. Аудандық және оларға теңестiрiлген соттардың заңды күшiне енбеген үкiмдерiне апелляциялық шағымдарды облыстық және соларға теңестiрiлген соттардың қылмыстық iстер жөнiндегi алқасы қарайды. 
      2. Облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың заңды күшiне енбеген үкiмдерiне апелляциялық шағымдарды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық iстер жөнiндегi алқасы қарайды.

 

      Үкiмге шағымдар беру тәртiбi

      1. Шағымдар үкiм қабылдаған сот арқылы берiледi. Апелляциялық сатыларға тiкелей келiп түскен шағымдар  ҚР ҚІЖК 401-бабының және 402-бабының екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкiм қабылдаған сотқа жiберуге жатады. 
      2. Iстi қайта қараған кезде шығарылған үкiмге жалпы тәртiпте шағым берiлуi мүмкiн. 

     Апелляциялық шағым 
      1. Апелляциялық шағымда: 
      1) шағым жолданып отырған соттың атауы; 
      2) iс жүргiзудегі жағдайы, тұрғылықты жерi немесе жүрген жерi көрсетiле отырып, шағым жасаған адам туралы деректер; 
      3) шағым жасалып отырған үкiм немесе қаулы және осы шешiмдi шығарған соттың атауы; 
      4) үкiмге,қаулыға толық немесе оның бiр бөлiгiнде шағым жасалып отырғанын көрсету; 
      5) шағым келтiрген адамның пiкiрiнше сот үкiмiнiң, қаулысының дұрыс еместiгi неде екендiгi жөнiндегi дәлелдерi және оның өтiнiшiнiң мәнi; 
      6) арыз берушi өз талаптарына негiз ететiн, соның iшiнде бiрiншi сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер; 
      7) шағымға қоса тiркелiп отырған материалдардың тiзбесi; 
      8) шағым келтiрiлген күн және шағым келтiрген адамның қолы болуы тиiс. 
      2. Жасалған шағым осы талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, ол берiлген деп есептеледі, бiрақ аяғына дейiн ресiмдеу үшiн мерзiмi көрсетiлiп қайтарылады. Егер қайта жасалғаннан кейiн апелляциялық шағым аталған мерзiм iшiнде сотқа табыс етiлмесе, олар берiлмеген болып есептеледi. 

     Үкiмге шағым беру мерзiмдерi

      1. Бiрiншi сатыдағы соттың үкiмiне шағымдар апелляциялық тәртiпте үкiм жарияланған күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiлуi мүмкiн, ал қамауда отырған сотталған адам оны өзiне үкiм көшiрмесi табыс етiлген күннен бастап нақ сондай мерзiмде бере алады.
      2. Үкiмге шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iс соттан талап етiле алмайды.
      3. Мерзiмi өткеннен кейiн берiлген шағым қараусыз қалдырылады.

      Шағым беруге арналған мерзiмдi қалпына келтiру тәртiбi

      1. Шағым беруге арналған мерзiм дәлелдi себептермен өтiп кеткен жағдайда шағым беруге құқығы бар адамдар үкiмдi қабылдаған сотқа өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiш жасай алады. Мерзiмдi қалпына келтiру туралы өтiнiштi iстi сот талқылауы кезiнде төрағалық етушi судья, ал ол ұзақ уақыт бойы болмаған кезде осы соттың басқа судьясы сот мәжiлiсiнде қарайды, ол өтiнiштi қозғаған адамды түсiнiк беру үшiн шақыртуға құқылы. 
      2. Өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiруден бас тарту туралы судьяның қаулысына жоғары тұрған сотқа шағым берiлуi мүмкiн, ол өтiп кеткен мерзiмдi қалпына келтiруге және ҚР ҚІЖК 401-бабында және 402-бабының екiншi бөлiгiнде баяндалған талаптарды сақтай отырып шағым бойынша iстi қарауға құқылы.