Павлодар облыстық сотында облыстағы жоғарғы және арнайы оқу орындарының түлектерімен кездесу өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Павлодар облыстық сотының конференц залында сот кеңсесінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылы облысымыздағы жоғарғы және арнайы оқу орындарын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған түлектерімен кездесу болып өтті. 
Жиынға Павлодар қалалық сотының төрағасы Талғат Тағажай, облыстық сот Кеңсесі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов, бөлім басшылары, қалалық және мамандандырылған соттардың кеңсе меңгерушілері және  заңгер атанған түлектер қатысты.
Аталмыш бас қосуды кіріспе сөзбен бастаған кеңсе басшысының орынбасары Н.Байтілесов «Бұл шараның басты мақсаты Елбасының бес институциялдық реформаны жүзеге асырудың «100 қадам» жоспарында көрсетілген тапсырмаларды орындау, сонымен қатар, сот жүйесінде қазіргі заман талабына сай кадрлармен - мемлекеттік қызметкерлермен қамтамасыз ету» - деді.
Шараның бағдарламасына сай келесі сөз Павлодар қалалық сотының төрағасы Талғат Болатұлына берілді. Ол өз сөзінде қазіргі уақытта мемлекеттің жүргізіп отырған кадр саясатының нәтижесінде мемлекеттік қызмет оның ішінде сот маманы ретінде қызметке орналасу, ары қарай қызметтік өсу үшін ешқандай кедергінің жоқ екендігін, бірақ ол үшін әрине  білімнің қажет екендігін атап кетті.
Осыдан кейін түлектерге облыстық соттың имидждік бейне ролигі тамашалауға ұсынылды.
Ары қарай «Мемлекеттік қызметке өту тәртібі» атты тақырыпта облыстық сот Кеңсесінің кадр қызметінің басшысы Жанар Алишева баяндама оқып, соттардың жұмысы жайлы қысқаша ақпарат берді.
Кездесудің нәтижесінде жас түлектер соттың жұмысы жайлы жан-жақты мәліметтер алып, өздерінің еңбек жолдарын мемлекеттік қызмет, оның ішінде сот жүйесімен байланыстыратындарын айтты.

Павлодар облыстық сотының
баспасөз қызметі