Үйден шығару туралы талап қою

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

 

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Ж.-ның Д.-ға үйден шығару туралы талап қою және Д.-ның Ж.-ға қатысты жылжымайтын мүлікті ерлі-зайыптылардың тең үлестегі ортақ мүлкі деп тану туралы қарсы талап қою бойынша істі қарады.

Іс бойынша тараптардың 2002 жылдан бері тіркелген некеде болғаны анықталды. Сот шешімімен неке 2023 жылдың мамыр айынан бастап бұзылды. Қазіргі уақытта Д. тұратын пәтерді, Ж. 2016 жылдың қаңтар айында сыйға алу тәртібімен алған.

Жауапкер өз еркімен пәтерді босатудан бас тартқандықтан, Ж. тұрғын үй иесі екенін көрсетіп, үйден шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.

Өз кезегінде, Д., некеде тұрған кезінде даулы мүліктің құнын айтарлықтай арттыратын, атап айтқанда күрделі жөндеу және ішкі безендіру жұмыстарын жүргізгенін айтып, пәтерді ерлі-зайыптылардың тең үлестегі ортақ мүлкі деп тану туралы қарсы талап қоюмен жүгінді.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен бастапқы талап қою қанағаттандырылды, қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.

Шешімге жауапкер Д. апелляциялық шағым түсірді.

Апелляциялық сатыдағы сот осы істі қарау кезінде төмендегілерді негізге алды.

Д.-ның Ж.-ға қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту негізді болып табылады, себебі Қазақстан Республикасы Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексі 35-бабы 1-тармағы 2) тармақшасының негізінде ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлкi ерлi-зайыптылардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.

Пәтерге оның құнын айтарлықтай арттыратын жөндеудің жүргізілгені туралы анық  дәлелдемелер ұсынылған жоқ.

Алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, Д.-ның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Қаулы заңды күшіне енді.

 

Источник: 
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі