Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы ЕРЕЖЕ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2001 жылғы 26 маусымдағы
№ 643 Жарлығымен
бекітілген

Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 05.04.2019 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуінің шарттары мен тәртібін белгілейді.

      2. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуінің негізгі міндеттері жергілікті соттардағы жұмыстың ерекшеліктерін зерделеу, судья лауазымындағы жұмыс үшін қажетті практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру болып табылады.

      Тағылымдамадан өту судьялыққа кандидаттың іскерлік, кәсіби және адамгершілік қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективасын айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуі негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады.

      Тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидатқа еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі.

      Тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидатқа "Мемлекеттік бюджет есебiнен қамтылған барлық органдардың қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646қбп қаулысымен белгіленген бір жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясы лауазымдық айлықақысының 70% мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді.

      3. Бұрын кемінде бес жыл судья болып тұрақты жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күнінен бастап төрт жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген адамдардың тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясын (бұдан әрі – Сот төрелігі академиясы) аяқтаған адамдардың оқуды аяқтаған күнінен бастап төрт жыл ішінде тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.

      4. Тағылымдамадан өту мерзімі аудандық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – аудандық сот) – он бір айды, облыстық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – облыстық сот) - бір айды құрайды.

      Заң мамандығы бойынша кем дегенде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі алты айды, оның ішінде аудандық сотта бес айды, облыстық сотта бір айды құрайды.

      Заң мамандығы бойынша он бес жылдан астам жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі үш айды, оның ішінде аудандық сотта екі айды, облыстық сотта бір айды құрайды.

      Судьялыққа кандидат ұзақтығы екі айдан артық еңбекке жарамсыз болған жағдайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) басшысы тағылымдаманы тоқтатады.

      Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, судьялыққа кандидаттың өтініші бойынша уәкілетті органның басшысы белгілеген мерзім өткенге дейін тағылымдаманы тоқтатады.

      Кейіннен судьялыққа кандидат жалпы негіздерде тағылымдамадан өтуге жіберілуі мүмкін.

2. Судьялыққа кандидатқа қойылатын талаптар

      5. Тағылымдамадан өтуге:

      1) жиырма тоғыз жасқа толған;

      2) жоғары заң білімі бар, моральдық-адамгершілік қасиеттері жоғары, абыройы мінсіз, заң мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар;

      3) қолданылу мерзімі өтпеген (оның ішінде тағылымдаманың болжанып отырған мерзімі аяқталғанға дейінгі өтпеген) біліктілік емтиханын тапсырған;

      4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығы расталған Қазақстан Республикасының азаматы жіберіледі.

3. Тағылымдамадан өтудің шарттары мен тәртібі

      6. Жоғары Сот Кеңесінің аппараты уәкілетті органға судья лауазымына біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған адамдардың тізімдерін жолдайды.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы уәкілетті орган басшысының ұсыныстары негізінде жергілікті соттарда тағылымдамадан өту үшін бос орындарды бөлуді жыл сайын жүзеге асырады.

      Тағылымдамадан өтуге арналған орындар облыста, астанада және республикалық маңызы бар қалаларда судьялардың болжанатын бос орындарының саны негізінде, бірақ әрбір облыс, астана және республикалық маңызы бар қалалары үшін кемінде үш орыннан бөлінеді.

      Судья лауазымына кандидаттар бос орындардың бөлінуіне сәйкес тағылымдамаға қабылданады.

      Тағылымдамадан өту судья лауазымына кандидаттың тұратын жері бойынша тіркелген облыс, астана және республикалық маңызы бар қалалар аумағындағы жергілікті соттарда жүзеге асырылады. Тұрғылықты жері бойынша тағылымдамадан өту үшін бос орындар болмаған жағдайда кандидат басқа облыс, астана және республикалық маңызы бар қалаларда бос орындар болған кезде тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен Тағылымдаманы өтуге адамдарды іріктеу жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) жүгінуге құқылы.

      7. Тағылымдамадан өту үшін құжаттарды қабылдау тоқсан сайын келесі тоқсандық айдың бірінші күнінен кейін жүргізіледі.

      Уәкілетті орган жергілікті соттарда тағылымдамадан өту үшін бос орындар туралы хабарламаны Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініштерді қабылдау басталғанға дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын мемлекеттік тілде және орыс тілінде жариялайды.

      8. Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам Комиссияға тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен хабарлама жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жүгінеді.

      Өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркелуі тиіс:

      1) кадрларды есепке алу бойынша жеке парақ;

      2) өмірбаян;

      3) диплом мен оның қосымшасының көшірмелері;

      4) біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттың көшірмесі;

      5) соңғы жұмыс орнынан алынған қызметтік мінездеме;

      6) құжаттарды тапсырған күнге дейін берілгеніне бір жыл өтпеген, судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растайтын, медициналық куәландырудан өткені туралы құжат.

      Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам құжаттарды толық ұсынбаған жағдайда кемшіліктерді жою үшін күнтізбелік он күн беріледі.

      9. Уәкілетті орган өтініштерді қабылдау аяқталған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдар туралы мәліметті Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттен сұратады.

      Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдарға қатысты ақпарат өтініштерді қабылдау аяқталған күнінен бастап Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында жарияланады.

      Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берген адамның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін сипаттайтын мәліметтер келіп түскен кезде оларға тексеру жүргізіледі, оның нәтижелері тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы мәселені шешу кезінде және жалпы отырыста тағылымдаманың қорытындысы қаралған кезде ескеріледі.

      10. Тағылымдамадан өтуге адамдарды іріктеуді уәкілетті органның және Жоғары Сот Кеңесі Аппаратының қызметкерлері қатарынан уәкілетті органның басшысы құратын Комиссия жүзеге асырады.

      Комиссияны құру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін Жоғары Сот Кеңесі Аппараты басшысының келісімімен уәкілетті органның басшысы айқындайды.

      11. Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешімнің біреуін қабылдайды:

      1) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру;

      2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту.

      Тағылымдамадан өтуге жіберілген адамдар туралы мәліметтер облыстық соттарға жолданады және Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында жарияланады.

      12. Облыстық соттың төрағасы осы Ереженің 11-тармағы 1) тармақшасының негізінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік мамандандыру бойынша тағылымдамадан міндетті түрде өту үшін өкіммен аудандық сотты не мамандандыру болған жағдайда – аудандық соттарды белгілейді.

      Облыстық сот төрағасының өкімімен тағылымдама үйлестірушісі – облыстық соттың судьясы (бұдан әрі – тағылымдама үйлестірушісі) тағайындалады, оған тағылымдамадан өту бойынша жалпы үйлестіру мен бақылау жүктеледі.

      13. Уәкілетті органның басшысы, судьялыққа кандидат және оның жұмыс берушісі арасында тағылымдамадан өту туралы келісім жасалады.

      Егер судьялыққа кандидат еңбек қатынастарында болмаса, тағылымдамадан өту туралы келісім уәкілетті органның басшысы мен судьялыққа кандидат арасында жасалады.

      Тағылымдамадан өту туралы келісімде:

      1) тараптардың атауы;

      2) тараптардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтудің алдында орналасуға ниет білдірген соттардағы судьялардың бос лауазымдарына арналған конкурсқа жалпы отырыстың оң қорытындысының қолданысы кезеңінде қатысу және тиісті бос лауазымдарға конкурсқа қатысудан бас тартқан жағдайда, оған жұмсалған мемлекеттік қаражатты қайтару міндеті;

      3) тағылымдамадан өту орны;

      4) тағылымдамадан өту шарттары мен тәртібі қамтылуы тиіс.

      Тағылымдамадан өту туралы үлгі келісімді уәкілетті орган бекітеді.

      14. Судьялыққа кандидатқа тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден:

      1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін қызметтен шығарылған;

      3) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

      4) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      5) соттылықтың болуы;

      6) қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      7) судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметтен шығарылған;

      8) адамның моральдық-әдептілік бейнесін теріс жағынан сипаттайтын нақты мәліметтер болған;

      9) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруы болған;

      10) Ереженің 8-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған немесе дұрыс емес деректер ұсынған;

      11) Конституциялық заңда белгіленген судьялыққа кандидаттарға қойылатын өзге де талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда бас тартылады.

      15. Тағылымдамадан өту судьялыққа кандидаттың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекіткен Судьялыққа кандидаттардың тағылымдамадан өтуінің үлгі бағдарламасына сәйкес жасалған тағылымдамадан өтудің жеке жоспарына енгізілген іс-шараларды орындауын қамтиды.

      16. Жеке жоспарды тиісті аудандық сот төрағасының және тағылымдама үйлестірушісінің келісімі бойынша облыстық соттың төрағасы бекітеді.

      Жеке жоспарға кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, ол туралы судьялыққа кандидат үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

      17. Судьялыққа кандидат аудандық сотқа келген кезде сот төрағасы судьялардың арасынан тағылымдама жетекшісін – аудандық соттың судьясын (бұдан әрі – тағылымдама жетекшісі) не осы соттың ішінде мамандандыру бар болған кезде тағылымдама жетекшілерін тағайындайды. Тағылымдама жетекшісі болып кемінде 5 жыл судьялық жұмыс өтілі бар судья тағайындалады. Аталған сотта көрсетілген талапқа сәйкес келетін судья болмаған жағдайда, одан аз судьялық жұмыс өтілі бар судьяны тағылымдама жетекшісі етіп тағайындауға болады.

      Облыстық сотта тағылымдамадан өткен кезде облыстық сот төрағасы тағылымдама жетекшісін облыстық сот судьяларының арасынан тағайындайды.

      Тағылымдама жетекшісі:

      1) қажетті жұмыс көлемін белгілейді;

      2) судьялыққа кандидатқа кәсіби білім деңгейін арттыруға және тәжірибелік дағдыларды алуға көмек көрсетеді;

      3) тағылымдамадан өтудің жеке жоспарының орындалуын қамтамасыз етеді.

      18. Судьялыққа кандидат сотта тағылымдамадан өткен кезде судья консультантының (көмекшісінің) мынадай функцияларын орындайды:

      1) судьяның өкілеттігін орындауға қажетті құқықтық ақпарат іздеуді, нормативтік құқықтық актілерді, сот практикасының материалдарын іріктеуді жүзеге асырады;

      2) судьяның іс жүргізуіндегі істер туралы ақпаратты әзірлейді;

      3) істерді сот талқылауына әзірлеу бойынша іс-әрекеттерді жүзеге асырады;

      4) процестік құжаттардың жобаларын әзірлейді;

      5) судьяның қарауына келіп түскен азаматтық сот ісін жүргізу шеңберіндегі арыздарды (талап қою арыздарын) зерделеуге, қылмыстық іс жүргізу шеңберіндегі істерді (материалдарды), шағымдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер мен олар бойынша шағымдарды зерделеуге қатысады;

      6) Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жасау туралы судьяға ұсыныстар береді;

      7) істерді қараудың процестік мерзімдерінің сақталуына мониторингті жүзеге асырады;

      8) судьяның іс жүргізуіндегі істер бойынша өтініштер мен сұрау салуларға жауап жобаларын әзірлейді;

      9) тағылымдамадан өту міндеттерінен туындайтын өзге де функцияларды орындайды.

      19. Тағылымдамадан өту туралы келісім сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы Ереженің 26-тармағында көзделген жағдайларда тағылымдама үйлестірушісі дербес не тағылымдама жетекшісінің ұсынымы негізінде тағылымдаманың қорытындысы жөнінде теріс қорытынды беру туралы ұсынымды жалпы отырыстың қарауына мерзімінен бұрын енгізеді.

      20. Аудандық соттарда тағылымдамадан өту аяқталғаннан кейін және тағылымдамадан өту қорытындылары бойынша судьялыққа кандидат жазбаша есеп жасайды, онда судьялыққа кандидаттың жеке жоспарды және тағылымдама жетекшісінің тапсырмаларын орындауы туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс. Жазбаша есепке тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидат жасаған процестік құжаттардың жобалары қоса тіркелуі тиіс.

      Судьялыққа кандидаттың жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісі қарайды.

      Тағылымдамадан өту қорытындысы бойынша тағылымдама жетекшілері судьялыққа кандидатқа пікір жазады. Тағылымдамадан өту жүзеге асырылған соттардың төрағалары пікірлерді бекітеді. Пікірде судьялыққа кандидаттың алған тәжірибелік дағдылары мен білімі, процестік құжаттардың жобаларын жасау сапасы, судья міндеттерін жүзеге асыруға дайындық дәрежесі, еңбек және орындаушылық тәртібін сақтауы, судьялыққа кандидаттың іскерлік және адамгершілік қасиеттері туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.

      Тағылымдама жетекшілері судьялыққа кандидатқа арналған пікірді, тағылымдамадан өтудің жеке жоспарын, оның орындалғаны туралы нәтижелермен бірге және судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту қорытындылары туралы жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісінің қарауына ұсынады.

      Тағылымдама қорытындысы және оларды қарау нәтижелері бойынша тағылымдама үйлестірушісі тағылымдаманы өтудің барлық кезеңдерінің нәтижесіне негізделген ұсынуды күнтізбелік он бес күн ішінде енгізеді, ол тағылымдаманың басқа да материалдарымен бірге облыстық соттың жалпы отырысының қарауына енгізіледі.

4. Тағылымдаманың қорытындыларын қарау

      21. Тағылымдама үйлестірушісі ұсыным енгізгеннен кейін бір айдан кешіктірмей жалпы отырыс судьялыққа кандидаттың есебін тыңдай отырып, тағылымдама қорытындыларын қарайды.

      22. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамасының қорытындыларын қарау нәтижелері бойынша жалпы отырыс тағылымдама қорытындылары туралы оң немесе теріс қорытынды береді, ол көпшілік дауыспен қабылданады және төрағалық етуші оған қол қояды.

      23. Тағылымдама нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысында мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) қорытынды шығарылған күні мен орны;

      2) судьялыққа кандидатқа қатысты ұсыныс енгізген тағылымдама үйлестірушісінің тегі, аты және әкесінің аты;

      3) судьялыққа кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты, туған жылы, күні, айы, тұрғылықты жері, тағылымдамадан өту кезеңіндегі жұмыс орны;

      4) тағылымдамадан өткен соттардың атауы мен тағылымдамадан өту кезеңі;

      5) тағылымдама жетекшілерінің тегі, аты және әкесінің аты;

      6) тағылымдамадан өту кезінде орындалған жұмыс көлемінің қысқаша сипаттамасы;

      7) судьялыққа кандидаттың дайындық деңгейінің, көрсеткен қасиеттерінің сипаттамасы және оны сипаттайтын басқа да деректер;

      8) судья лауазымында жұмыс істеуге кәсіби, жеке-психологиялық және адамгершілік қасиеттері бойынша жарамдылығы туралы қорытынды;

      9) жалпы отырыстың дауыс беру қорытындылары;

      10) облыстық сот төрағасының қолы.

      24. Судья лауазымына кандидат тағылымдамасының нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысын облыстық сот Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесіне жібереді.

      25. Тағылымдама қорытындылары туралы жалпы отырыстың оң қорытындысы төрт жыл бойы жарамды болады.

      26. Жалпы отырыс тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытындыны мынадай:

      1) судьялыққа кандидат Конституциялық заңда белгіленген, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;

      2) теріс қылық жасаған;

      3) судьялыққа кандидаттың моральдық-әдептілік бейнесін теріс жағынан сипаттайтын мәліметтер болған;

      4) тағылымдамадан өту туралы келісімде белгіленген талаптарды сақтау бойынша міндеттерді орындамаған;

      5) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулары болған;

      6) судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметтен шығарылған жағдайларда береді.

      27. Тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда судьялыққа кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге оны алған күнінен бастап бір жыл өткеннен кейін жалпы негіздер бойынша жіберіледі.

Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда, медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруларының жоқтығы жөнінде кейіннен расталған жағдайларды қоспағанда, судьялыққа кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге жіберілмейді.