Сот материалдық залалды өндіру туралы талап қоюды қанағаттандырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы жауапкердің бірінші сатыдағы қанағаттандырылған сот шешіміне түскен апелляциялық шағымы бойынша «К» ЖШС-нің С.-дан материалдық залалды өндіру туралы талап қоюы бойынша істі қарады (іс № 5599-24-00-2а/7).

Іс бойынша, ГАЗ-3110 маркалы автокөлігін жүргізіп келе жатқан жүргізуші С., Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесінің бойындағы тұрақ орнында, қауіпсіз жылдамдықты сақтамай, басқаруды жоғалтып, тұрақта тұрған «К» ЖШС-не тиесілі «Лада 21901» көлігімен соқтығысқаны анықталды.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан тараптардың көліктері зақымданған.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен С., «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі 610-б. 1-б., 611-б. 2-б. көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 169 050 теңге сомасында әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза салынды.

Автокөлікті қалпына келтіру құны 454 100 теңгені құрады, осыған байланысты талап қоюшы жауапкерден көрсетілген соманы өндіруді сұрады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 917-б. 1-тармағына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.

Жауапкердің жол-көлік оқиғасына кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңды күшіне енген сот қаулысымен нақты расталады.

Жауапкердің көлігін ұрлады деген уәжі тексеріліп, сотпен негізсіз деп танылды. С.-ның көлік ұрлау фактісі бойынша құқық қорғау органдарына жүгінуі бойынша ешқандай дәлел келтірілмеген.

«К» ЖШС-нің көлік құралын қалпына келтіруге кеткен шығындары құжаттармен дәлелденген.

Алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Қайнар: 
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі