Сотпен мәміле жарамсыз деп танылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы жауапкердің бірінші сатыдағы қанағаттандырылған сот шешіміне түскен апелляциялық шағымы бойынша Л.-дың К.В. және К.Т.-ға қатысты мәмілені жарамсыз деп тану туралы істі қарады (іс № 5599-24-00-2а/84).

Іс бойынша, бірінші сатыдағы соттың 2010 жылғы 06 қаңтардағы шешімімен ЖК «Л.»-ның ЖК «К»-дан жалпы құны 7 759 669 теңгені құрайтын мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен талап ету туралы талабы қанағаттандырылғаны анықталды.

Кейіннен сот шешімін орындау тәртібі мен тәсілі мүлікті қайтарып алудан жауапкерден талапкердің пайдасына мүліктің құнын өндіруге өзгертілді.

Сот шешімі толық көлемде орындалған жоқ.

2010 жылғы 22 сәуірде бұрын жауапкерге (борышкерге) тиесілі көлік құралы сыйға тарту шарты негізінде есептен шығарылып, жауапкердің (борышкердің) қызы К.Т.-ның атына тіркелген.

Талапкер өз талабын көлік құралын жауапкер қызына міндеттемені орындаудан жалтару және мүлікті жасыру мақсатында бергендігімен дәлелдеп, соттан сыйға тарту шартын жарамсыз деп тануды және күшін жоюды сұрады.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру кезінде бұрын шығарылған сот актісі ұзақ уақыт бойы орындалмағанын көрсетті. Жауапкер К.Т.-ның жүргізуші куәлігі жоқ және жауапкер К.В. көлікті пайдалануды жалғастырған. Жауапкердің әрекетінде көрсетілген мәмілені жасау арқылы Л.-ның алдындағы міндеттемені орындаудан жалтару мақсатында мүлікті қасақана иеліктен шығару белгілері бар.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 158-бабаның 4-тармағына сәйкес, егер мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемені орындаудан немесе үшiншi тұлға алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқан жағдайда, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi тұлға мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

Бұл жағдайда автокөлікті жауапкер өзінің жақын туысы болған адамға сыйға берген.

Сыйға тарту шартын жасаған күні К.В.-ның Л.-дың алдында сот актісімен белгіленген, ақшалай өндіріп алу мүмкіндігін де білдіретін орындалмаған мүліктік міндеттемелер болған.

Осы жағдайларды қоса алғанда, К.В. талап қоюшы алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару ниетінің болғанын, сондай-ақ мәміле бойынша сыйға алушы бұл туралы білуі тиіс екендігін көрсетеді..

Талапкерге жасалған мәміле туралы уәкілетті органның 2023 жылғы 11 қазандағы жауабынан белгілі болды.

Алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Источник: 
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі