Алғыс сөз

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Павлодар облыстық сотының төрағасы Ә.Б.Қаженовтың атына Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғыны, көп балалы ана Наурызбаева Қызжибек Қалмаханқызының алғыс айтқан хаты келіп түсті.

Қ.Қ. Наурызбаева өзінің тәрбиесінде үш баласы бар және өзі асырап алған үш ұлды бауырына басып тәрбиелеп отыр. Мемлекет тарапынан да үнемі көмек беріліп отыр.

Ол 2013 жылы Ақсу қалалық сотына азаматша Т.А.Жуматаеваның әрекетін заңсыз деп тану және өзіне тиісті қаржыны өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Бірақ сот мәжілісіне қорғаушыны жалдауға мүмкіншілігі болмаған.

Ақсу қалалық соты шешімімен талап арыз талапкердің пайдасына шешіліп, оған тиесілі қаржы толығымен өндірілген.

Хат иесі Қ.Қ.Наурызбаева былайша жазады: «Ақсу қалалық сотының судьясы Досыбаева Сәуле Тілеубекқызы мінезі өте салмақты, ісіне тыңғылықты, әділетті, әр сөзін тараптарға түсіндіріп сөйлейтін, кәсіпқой заңгер екендігін өз көзіммен куә болдым. Ол сот іс жүргізуіне қатысушыларға аса құрметпен, кіршіксіз қарады.

Қазақстан азаматы ретінде, көп балалы ана ретінде мен сот ұжымына және судья Досыбаева Сәуле Тілеубекқызына шын жүректен ризашылығымды білдіріп, рахмет айтамын. Хат иесі Қ.Қ.Наурызбаева, 12.03.2014 жыл».

Қайнар: 
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі